7 қараша күні VIETJET QAZAQSTAN (QAZAQ AIR) Астана – Самарқанд бағыты бойынша тікелей халықаралық рейсті іске қосты.
Ашылу салтанаты Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында өтіп, оған Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Юсуф Альжавдер, "QAZAQ AIR" АҚ Басқарма Төрағасы Адилбек Умралиев, сондай-ақ алғашқы рейстің жолаушылары мен серіктестер қатысты.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынасын нығайтып, іскерлік және туристік сапарлар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Тікелей рейс елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Орталық Азияның ең көне әрі тарихи қалаларының біріне сапарды бұрынғыдан да ыңғайлы етті.
«Біздің заманауи тарихымызда алғаш рет Астана мен Самарқанд арасында тікелей рейс ашылып отыр. Бұл бағыт соңғы рет Кеңес дәуірінде орындалған еді. Енді Астана – Самарқанд тікелей рейсі екі қаланы жақындастырып, тарих пен дәстүрді одан әрі жақындатады», — деді "QAZAQ AIR" АҚ Басқарма Төрағасы Адилбек Умралиев.
Алғашқы рейстің жолаушылары мен қонақтарына серіктестер тарапынан сыйлықтар ұсынылып, Астана – Самарқанд бағытына әуе билеттері ойнатылды.
Рейстер аптасына екі рет – жұма және жексенбі күндері орындалады.
Билеттерді vietjetqazaqstan.kz сайтынан және әуе компаниясының ресми серіктестері арқылы сатып алуға болады.
