Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен VIETJET QAZAQSTAN Астанада авиациялық хабты дамыту жөніндегі стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды
2026 жылғы 12 наурызда Астана қаласында «QAZAQ AIR» АҚ (VIETJET QAZAQSTAN) мен «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ авиация саласын дамытуға, көлік қолжетімділігін арттыруға және Астананың өңірдегі негізгі авиациялық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа қол қою Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерге сәйкес жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру және халықаралық көлік қатынастарын кеңейту негізгі басым бағыттардың бірі болып табылады.
Меморандум әуекомпания мен әуежай арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға, инфрақұрылымды жетілдіру және маршруттық желіні кеңейту жоспарларын үйлестіруге, сондай-ақ жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша бірлескен жұмысты күшейтуге бағытталған.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде ыңғайлы транзиттік байланыстары бар хабтық маршруттық желіні дамыту, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ жолаушылар және жүк тасымалы көлемінің өсуіне қолайлы жағдай жасау қарастырылған.
Серіктестік аясында Астана әуежайы базасында Аэротрополис жобасын іске асыруға ерекше назар аударылады. Жоба заманауи авиациялық кластер қалыптастыруды көздейді. Оның ішінде авиациялық-техникалық инфрақұрылымды дамыту, карго-логистикалық хаб құру, сондай-ақ ангарлық және оқу-жаттығу кешендерін салу жоспарланған.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы – еліміздегі ең ірі авиациялық тораптардың бірі. Әуежай жыл сайын 9 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Инфрақұрылымды одан әрі дамыту және авиациялық кластер қалыптастыру Астананың халықаралық әуе тасымалдарының маңызды орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
VIETJET QAZAQSTAN 2026–2030 жылдарға арналған даму стратегиясын іске асыруда. Бұл стратегия әуе кемелері паркін және маршруттық желіні кеңейтуді қарастырған. Атап айтқанда, Boeing 737 MAX ұшақтарын кезең-кезеңімен енгізу арқылы флотты 20 әуе кемесіне дейін ұлғайту және 2030 жылға қарай жолаушылар ағынын 7,5–8 миллион адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
VIETJET QAZAQSTAN Басқарма төрағасы А. Умралиев:
«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайымен меморандумға қол қою – біздің ұзақ мерзімді даму стратегиямызды жүзеге асырудағы маңызды қадам. Біз Астананы маршруттық желіні дамыту, транзиттік әлеуетті арттыру және заманауи авиациялық экожүйе қалыптастыру үшін негізгі бастама ретінде қарастырамыз. Бұл бастамалар халықтың мобильдігін арттырып, Қазақстанның халықаралық авиация нарығындағы позициясын нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті.
«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Б. Сейдахметов:
«Астана әуежайы үшін VIETJET QAZAQSTAN-мен серіктестік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға, маршруттық желіні кеңейтуге және елорданың өңірдегі маңызды авиациялық әрі логистикалық орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бірлескен жұмыс жолаушылар үшін де, ел экономикасы үшін де оң нәтиже береді деп сенеміз».
Меморандумға қол қою қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыс тобын құру туралы келісімге келді. Бұл топ бастамаларды іске асыруды үйлестіріп, жобалар бойынша жол карталарын әзірлейді және инфрақұрылымдық әрі ұйымдастырушылық мәселелер бойынша тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
