Background

VIETJET QAZAQSTAN ұшақ бортында жолаушының өмірін құтқарған жас дәрігерге алғыс білдірді

6/30/2026

Медицина қызметкерлері күні аясында VIETJET QAZAQSTAN 2025 жылы ұшақ бортында жолаушы өмірін арашалап қалған жас дәрігер Дінмұхаммед Бектұрғанға ерекше алғыс білдірді.

Оқиға Қызылорда — Астана бағытындағы рейс кезінде орын алған болатын. Әуе кемесі көкте бара жатқанда жолаушылардың бірінің денсаулығы кенеттен нашарлап, жүрегі мен тынысы тоқтап қалған. Жолаушылар арасында болған Астана медицина университетінің интерн-дәрігері Дінмұхаммед Бектұрған уақыт жоғалтпастан, дереу шұғыл медициналық көмек көрсетуге кіріседі.

«Жолаушының жағдайы кенеттен нашарлап, бортсеріктер радиобайланыс арқылы ішімізде медицина қызметкерінің бар-жоғын сұрады. Барсам, азаматтың жүрегі тоқтап қалыпты. Дереу жүрек-өкпе реанимациясын бастадым, соның нәтижесінде оның жүрек соғысын қалпына келтірудің сәті түсті. Ұшақтың қонуына әлі 50 минуттай уақыт бар еді, осы уақыт бойы мен науқастың қасынан бір елі ұзамай, жағдайын бақылауда ұстадым. Ұшақ жерге қонғаннан кейін оны жедел жәрдем бригадасына аман-есен табыстадым», — деп бөлісті Дінмұхаммед Бектұрған.

Әуекомпанияның Басқарма төрағасы Әділбек Өмірәлиев жас дәрігерді кәсіби мерекесімен жеке құттықтап, оның жанқиярлығы мен жоғары кәсібилігіне алғыс айтты және қызметтік жолына сәттілік тіледі.

«Әуекомпаниямыздың атынан сізге шынайы алғысымды білдіріп, Медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын! Әуе кемесінің бортында кейде осындай төтенше жағдайлар болып тұрады. Осындай сәттерде еш ойланбастан жолаушыларымызға көмекке ұмтылатын медицина қауымдастығының өкілдеріне шексіз ризашылығымызды білдіреміз», — деп атап өтті Әділбек Өмірәлиев.

Адам өмірін құтқарғаны үшін ризашылық белгісі ретінде Дінмұхаммед Бектұрғанға Алғыс хат, әуекомпанияның брендтік кәдесыйлары, сондай-ақ VIETJET QAZAQSTAN бағыттары бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін қолдануға болатын тегін ұшу сертификаты табыс етілді.